Уытты шок синдромы деген не?

Сіз бұрын Уытты шок синдромы туралы естіген боларсыз. Бұл бөлімде осы ауру туралы білуіңіз қажет болған барлық нәрсе айтылады: ол не және қандай себептен туындайды, оған кімдер шалдығады, симптомдары қандай, Уытты шок синдромы нені білдіреді және оның туындау қаупін қалай азайтуға болады.

Себептері және негізгі ақпарат

Уытты шок синдромы деген не?

Уытты шок синдромы сирек кездесетін, бірақ елеулі және өмірге қауіпті ауру болып табылады, ол Алтын түстес стафилококк бактерияларынан шығатын токсиндерден туындайды. Медициналық қызметкерлердің өз кәсіби мансабы бойынша бір рет те болсын Уытты шок синдромына қатысты қандай да бір жағдайға тап болуы өте сирек құбылыс — қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдай алу үшін осы ауру туралы білу маңызды. Уытты шок синдромын диагностикалауға және сәтті емдеуге болады, бірақ оның симптомдарын ертерек байқап, емдеу қажет.

7 баланың клиникалық жағдайларында жүргізілген зерттеу негізінде 1978 жылы доктор Джеймс Тодд тарапынан Уытты шок синдромының атауы қойылып, ол алғаш рет сипатталған. Осыған ұқсас жағдайлар туралы медициналық әдебиетте анағұрлым ертерек, тіпті жеке гигиена өнімдері шығарыла бастағаннан көп уақыт бұрын жазылған. Уытты шок синдромына еркектер де, әйелдер де және балалар да шалдығуы мүмкін. Сипатталатын уытты шок синдромының алғашқы жағдайларына көбінесе етеккір кезінде тампондарды пайдаланған әйелдер ұшыраса, бүгінгі кезде осы жағдайлардың жартысынан азы осы тәжірибеге байланысты болып келеді. Бұл синдром, сондай-ақ, тері инфекцияларынан, күйіктерден және отадан кейін пайда болуы мүмкін. Онымен қатар, бұл ауруға балалар, менопауза шағынан өткен әйелдер және еркектер шалдығуы мүмкін.

Уытты шок синдромы не себептен туындайды?

Уытты шок синдромы Алтын түстес стафилококк бактериялары шығаратын белгілі бір токсиндерден туындайды. Бұл бактериялар табиғи түрде дені сау адамдардың ағзаларында, әдетте теріде, мұрынның ішінде, қолтықта, шапта және қынапта орын алатын көптеген өзге бактериялар секілді микроағзалар болып табылады. Шын мәнінде, адамдардың үштен бірінің ағзасында осы бактериялар денсаулыққа ешбір зиян келтірместен орын алуда. Адамдардың азында ғана осы ағзаның кейбір штамдары Уытты шок синдромының туындауына себеп болатын токсинді шығарады. Көптеген адамдардың қан ағымында осы токсиннен қорғайтын антиденелер болады.

Уытты шок синдромының тампондарды пайдалануға қандай қатысы бар?

Уытты шок синдромының дамуына әртүрлі факторлар себеп болады, тампондарды пайдалану — олардың бірі. Бірақ біз әлі тампондарды пайдаланудың Уытты шок синдромының дамуына қалай байланысты екенін білмейміз. Дегенмен, жасалған зерттеуге қарайтын болсақ, тампондарға қатысты етеккірлік уытты шок синдромы сіңіргіштікке байланысты: тампонның сіңіргіштік коэффициенті неғұрлым жоғары болса, ауруға шалдығу қаупі соғұрлым жоғары болады, сәйкесінше, сіңіргіштік неғұрлым төмен болса, қауіп те соғұрлым төмен болады. Сондықтан, етеккіріңіздің ағуына байланысты, әрқашан өз қажеттіліктеріңізге сәйкес келетін барынша төмен сіңіргіштік коэффициентін пайдалануыңыз керек.

Бүгінгі шақта тампондарды жасау үшін қолданылатын материалдың Уытты шок синдромын туындататын токсиндердің пайда болуына немесе артуына әкелетініне ешбір дәлел жоқ. Оған қоса, тампондар Алтын түстес стафилококк бактерияларының тасушылары немесе қынапта олардың өсуіне себепші деп танылмаған.

100 % мақтадан жасалған тампондарды пайдаланған кезде Уытты шок синдромының туындау қаупі төменірек немесе нөлге тең болады деп оқығанмын. Бұл шын ба?

Жоқ, ол шын емес. 100 % мақта тампондарды қоса алғанда, қазіргі кезде нарықта қолжетімді болған барлық тампондар Уытты шок синдромының төмен қауіп деңгейін қамтиды. Ең жаңа ғылыми ақпарат бойынша район мен мақтадан жасалған тампондар Уытты шок синдромының бірдей қауіп деңгейін қамтиды. Сіз қандай тампонды пайдалансаңыз да, Уытты шок синдромының белгілері мен симптомдарын қалай тануға болатынын білуіңіз қажет. Егер тампон пайдаланған кезде осы симптомдарды байқасаңыз, тампонды шығарып, дәрігеріңізбен байланысыңыз.

Етеккір сауытын пайдаланған кезде Уытты шок синдромының туындауы мүмкін емес деп естідім, әйелдер неге соны қолданбайды?

Әйелдер үшін Уытты шок синдромының етеккір сауыттары, тампондар, контрацептивтік диафрагмалар және қалпақшалар секілді қынапқа енгізілген кез келген өнімнен пайда болуы мүмкін екенін білу өте маңызды. Егер сіз осы өнімдердің кез келгенін пайдалансаңыз, Уытты шок синдромының белгілері мен симптомдарын білуіңіз қажет, егер Уытты шок синдромының симптомдары байқалса, өнімді шығарып, медициналық көмекке жүгінуіңіз керек.

Симптомдар және Уытты шок синдромының фактілері

Тампондардан туындаған Уытты шок синдромының симптомдары қандай болады?

Уытты шок синдромының симптомдары тұмауға қатты ұқсайды. Егер Уытты шок синдромының симптомдарын бастан кешіріп, өзіңізді нашар сезінсеңіз, тампонды барынша тезірек шығарып, дәрігерге жолығып, Уытты шок синдромына шалдыққан болуыңыз мүмкін екенін айтыңыз.

Ықтималды Уытты шок синдромының сізді ескертетін басты белгілері:

  • Кенеттен жоғары көтерілген температура (әдетте 39Cº немесе одан да жоғары)
  • Сана шатасуы
  • Бұлшықет құрысуы
  • Құсу
  • Іш өту
  • Бас айналу
  • Төмен қан қысымы
  • Бауыр және бүйрек жетіспеушілігі
  • Тердің күнге күйіп қалғандай тітіркенуі
  • Бұлшықеттің ауыруы
  • Тамақтың ауыруы
  • Талып қалу немесе тұрған кезде талып қалатындай сезімде болу
  • Бұл аурудың ілгерілеген кезеңдерінде теріңіз қабыршақтануы мүмкін (бұл жағдай тері тітіркенгеннен соң 1–2 аптадан кейін әсіресе алақандарда және табандарда орын алуы мүмкін)

Осы симптомдардың кез келгені сіздің Уытты шок синдромына ұшырағаныңызды білдіруі мүмкін. Сізде симптомдардың барлығы болмаса да, бірнешеуі болуы мүмкін. Етеккірлік уытты шок синдромы етеккір кезінде кез келген уақытта немесе етеккірден қысқа уақыт өткеннен кейін пайда болуы мүмкін.

Уытты шок синдромы сирек ауру болғандықтан, жазылғаннан кейін ықтималды ұзын мерзімді салдары туралы көп ақпарат жоқ. Осы ауру дұрыс диагностикаланып емделген кезде көптеген адамдар толықтай жазылады. Өзге елеулі аурулардағыдай теріде, шашта және тырнақтарда өзгеріс болуы мүмкін, бірақ ол қысқа уақыт ішінде қалыпты күйіне оралады. Адамдардың аздаған саны бұлшықет әлсіздігін сезініп, назарды шоғырландыру қиындығы, жадыны жоғалту және көңіл күйдің жиі өзгеруі секілді психологиялық мәселелерді бастан өткереді. Бұл ауру әйелдердің ұрықтылығы мен бала көтеру қабілетіне әсер етпейді, бірақ сонда да дұрыс бақылану үшін дәрігеріңізге әрдайым Уытты шок синдромымен ауырып-ауырмағаныңызды айтуыңыз қажет.

Кез келген адам Уытты шок синдромына шалдыға алады ма?

Өкінішке орай, иә. Әйелдер де, еркектер те және балалар да Уытты шок синдромына шалдығуы мүмкін. Токсиндерден қорғайтын антиденелердің болуы сіздің жасыңызға ішінара тәуелді болатындықтан, балалар мен жастар қартаң жастағы адамдарға қарағанда бұл ауруға жиірек ұшырайды.

Анықталған жағдайлардың шамамен жартысы күйіктен, жәндіктің шағуынан немесе отадан туындайтын инфекциялардың нәтижесінде орын алады. Екінші жартысы етеккірі келетін әйелдерде орын алған, ол етеккірлік уытты шок синдромы деп танылған және тампондарды пайдаланумен байланысты болып келеді.

Тағы бір маңызды нәрсе — Уытты шок синдромы жұқпалы емес.

Уытты шок синдромы жұқпалы ма?

Жоқ. Ешкімнен Уытты шок синдромын жұқтырып алмайсыз.

Уытты шок синдромына бір реттен артық шалдығу мүмкін бе?

Өкінішке орай, иә. Бұрын Уытты шок синдромына шалдыққан болсаңыз, бұл оған қайта шалдығуыңыз мүмкін емес екенін білдірмейді. Уытты шок синдромы қайта пайда болуы мүмкін және шын мәнінде оның басты себептері осы ауруға шалдыққан адамның жеткілікті шамада антиденелерді өндіруге қабілетсіздігі. Егер әйел бұрын Уытты шок синдромымен ауырған болса, тампондарды қайта пайдаланудан бұрын өздерінің дәрігерлеріне жолығуы қажет.

Ауруды емдеу және оның алдын алу

Уытты шок синдромы қалай емделеді?

Ерте диагностикадан кейін уытты шок синдромын симптомдарға қарай гидраттау, антибиотиктер және өзге үйлесімді дәрі-дәрмектер арқылы сәтті емдеуге болады.

Егер Уытты шок синдромы уақытылы диагностикаланып, қажетті ем шаралары қабылданса, сәтті жазылып кету ықтималдылығы жоғары. Шын мәнінде, аурудың өлімге әкелген жағдайлары көп емес.

Алтын түстес стафилококк бактерияларының көптеген штамдары Уытты шок синдромын туындататын токсиндерді өндірмейді және бұл бактериялардың кейбір штамдары ғана оларды өндіреді. Сондай-ақ, осы токсиндерді шығаратын бактериялар штамының бар болуы, Уытты шок синдромын дамыту үшін қажет болса да, өздігінен жеткіліксіз. Шын мәнінде, көптеген зерттеулер осы бактериялардың колонияларын құру кеңінен таралған болса да, Уытты шок синдромының әдеттен тыс екенін көрсетеді. Уытты шок синдромының дамуы неге тәуелді? Негізінен, адамның осы токсиндермен күресу үшін жеткілікті шамада антиденелерінің болып-болмауына тәуелді. Әйелдердің бәрінің болмаса да, көбінің токсиндерден қорғану үшін жеткілікті шамада антиденелері болады.

Егер мен осы симптомдарды байқасам, не істеуім керек?

Егер сізде осы симптомдардың бірі бар болып, сіз тампонды пайдаланып жатқан болсаңыз, оны дереу шығарып, төсеме пайдалануыңыз керек. Дәрігеріңізге хабарласып, тампондарды пайдаланғаныңызды және Уытты шок синдромына шалдыққан болуыңыз мүмкін екенін айтыңыз. Оның бар-жоғын барынша тез анықтау және қажет болған жағдайда уытты шок синдромын барынша ертерек емдеу маңызды.

Етеккірлік уытты шок синдромының қаупін қалай азайтсам болады?

Тампондарды пайдаланған кезде кейбір жақсы әдеттерді иемдену арқылы етеккірлік уытты шок синдромының қаупін төмендетуіңізге болады:

Тампондарыңызды жиі-жиі, 4–8 сағат сайын ауыстырып тұрыңыз. Тампонды ешқашан 8 сағаттан артық іште ұстамаңыз. Етеккіріңіздің ағуына қарай әрдайым барынша төмен сіңіргіштік коэффициентін пайдаланыңыз. Жаңа тампонды енгізуден бұрын әрқашан іштегі тампонды шығарғаныңызға көз жеткізіңіз. Етеккіріңіздің соңында соңғы тампонды шығарғаныңызға көз жеткізіңіз. Тампондар тек сіздің аққан етеккіріңізді сіңіру үшін арналған. Тампонды етеккіріңіз келгеннен бұрын қорғаныс әдісі ретінде немесе қынаптан шығатын бөліністерді сіңіру үшін пайдаланбаңыз. Етеккір кезінде, кемінде күніне бір рет, әсіресе түнгі уақытта тампондардың орнына төсемелерді пайдаланған жөн. Егер түнде тампондарды пайдалануды таңдасаңыз, ұйықтар алдында жаңа тампон салып, оянған кезде оны бірден шығарыңыз. 8 сағаттан артық ұйықтайтын болсаңыз, ешқашан түн бойы тампон пайдаланбаңыз.

Тампон өндірушілері өздерінің өнімдерімен бірге келетін нұсқаулық парақшасында Уытты шок синдромы және тампондарды қалай дұрыс пайдалану қажет екені туралы ақпарат қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат тұрақты түрде жаңартылып тұрады, сондықтан парақшаны мұқият оқып шығып, оны болашақта анықтама ретінде қолдану үшін сақтаған жөн.

Дұрыс сіңіргіштік коэффициенті бар тампонды қалай таңдауыма болады?

Сіз тампондарды пайдаланған кезде етеккіріңіздің ағуына сәйкес келетін барынша төмен сіңіргіштік коэффициентін таңдауыңыз қажет. Етеккіріңіздің ағу көлемі етеккір кезеңі бойынша өзгеріп тұратындықтан, етеккір кезеңінің әрбір күні үшін әртүрлі сіңіргіштік коэффициенттерінің қажет болуы әбден мүмкін.

Тиісті сіңіргіштік коэффициенті бар тампонды таңдау дағдысы тәжірибемен келеді, бірақ нұсқаулық ретінде, егер тампоныңызды 4 сағат сайынғы мерзімнен жиірек ауыстыруыңыз қажет болса, жоғарырақ сіңіргіштік коэффициенті бар тампонды пайдаланып көруіңіз керек. Екінші жағынан, тампонды шығаратын кезде егер оны шығару ыңғайсыз болып сезілсе немесе талшықтың бір бөлігі әлі ақ болса, бұл төменірек сіңіргіштік коэффициенті бар тампонның қажет екенін білдіреді.

Есте сақтаңыз: тампонды 8 сағаттан артық уақыт бойы іште қалдырмаңыз.

Top